Еліміздің шырайлы шығыс жерінде ежелден сазгерлік өнердің жақсы дамығанын тарихтан жақсы білеміз. Тарих қойнауының тереңіне бармай-ақ, 1-2 ғасыр бұрын ғана 300-ден астам күй шығарып, «күй перісі» атанған атақты Байжігіт күйшіден бері өңірімізде жалғасын тауып келе жатқан сазгерлік өнер, Қызылмойын Қуандық, Бейсенбі, Қайрақбай, Абай Құнанбайұлы, Мүкей, Әсет Найманбайұлы, Бағаналы Саятөлеков, Шәкір Әбенов, Бекен Жамақаев, Теміржан Базарбаев, Жолдыбай (Жолан) Дәстенов, Болат Сыбанов, Төлеген Мұхамеджанов, Мәуліт Рахымбаев, Қадыр Досымжанов, Тұрсынғазы Рахимов, Секен Тұрысбеков шығармашылықтары арқылы қанатын кеңге жайып өркендеп өсіп келеді. 40 шақты сазгерлерді қамтыған Т. Базарбаевтың композиторлық мектебі де еліміздің шығыс өңірінде сазгерлік өнердің өркендеуіне айтарлықтай үлес қосты. Осы мектептің белді өкілі қатарына Т. Базарбаевпен ұзақ жылдар бірге қызмет істеп, оның інісі және шығармашылық досы болып кеткен, өнері, өкінішке орай, көзі тірісінде жеткілікті дәрежеде бағаланбаған дарынды композитор Олег Сайынділдәұлы Жанияров та кіреді.

Алғаш рет мен онымен Алматының консерваториясына оқуға түскен 1969 жылы жатақханада таныстым. Менімен бір бөлмеде тұратын, композиторлық мамандықтың 3-ші курсында оқитын Өскемендік Алексей Васильев пен теория мамандығының 4-ші курсында оқитын Семейлік Арсен Мельков деген орыс жігіттеріне күнде келіп тұратын, сол кезде жақынырақ танысып, әңгіме-дүкен құрып жүрдік. Қою қара сақалы бар, жүзі өңді, орта бойлы, аздап тұтығып сөйлейтін сымбатты жігітпен әңгімеміз бірден жарасып кетті. Сөз саптауынан ой өрісінің жоғары екендігі, көп оқып, ізденетіндігі көрініп тұрды. Небір күлдіргі әңгімелерді айтып мәз қылатын. Шешем татар болғанмен де мен қазақпын, руым Найман, оның ішінде Жарымбет деп отыратын. Көбіне орысша сөйлесе де қазақшасы да жақсы болатын, мақал-мәтелдеп сөйлегенде таң қалдыратын. Бірақ қазақша жиі сөйлемейтін. Сондықтан болар, көпшілік оны қазақша білмейді деп ойлайтын. «Есімің неге орысша Олег» деген біздің сұрағымызға «соғыста әкемнің Олег деген қандыкөйлек досы болыпты, сол кісінің құрметіне қойған ғой менің атымды» дейтін. Кейін Семейдің музыка училищесінде бірге қызмет істеген жылдары да екеуміздің әріптестік қарым-қатынасымыз өте жақсы деңгейде болды. Кезіккен сайын шүйіркелесе кетіп, бұрынғыларды еске алып және жалпы шығармашылығымыз жайында әңгіме-дүкен құрып, бір жасап қалатынбыз. Сол әңгімелер барысында өзі туралы да, атасы мен әкесі туралы да, отбасында көрген тәрбиесі туралы да біраз әңгімелер айтып еді. «Отбасымызда әкеміздің рөлі жоғары, айтқаны бәрімізге заң болатын. Әкемізден 4 бала болдық: мен, қарындасым Айгүл, інім Әділбек және тағы бір қарындасым Фарида. Шешеміз Гүлжиханнан бастап, бәріміз үйде тек қана қазақша сөйлесетінбіз. Сондықтан ғой, өмір бойы тек қана орыс тілділермен араласып жүрсем де қазақшамды ұмытпағаным. Әкеміз біздерге (балаларына) қатал болды, үнемі оның қас-қабағына қарап отыратынбыз, сол дұрыс екен. Менің осындай дәрежеге жетуім – әкемнің сол дұрыс тәрбиесінің арқасы» деп отыратын.

Олег Сайынділдәұлы Жанияров 1945 жылы 5 наурызда Шығыс Қазақстан облысының Зырян ауданындағы  Лесная Пристань стансасында әскери офицердің отбасында дүниеге келген. Атасы Әлжаппар өз заманында дін жолында қызмет етіп, ірі молда болған екен. Әкесі Сайынділдә Әлжаппарұлы да жас кезінде медреседе діни білім алған, кейін Ресейдегі Орёл қаласының әскери училищесін бітіріп, Азамат, Фин және Ұлы Отан соғыстарына қатысып, соңынан көптеген жарақат, контузияларына байланысты отставкаға шыққан. Содан кейін Сайынділдә ақсақал дін жолына біржолата түсіп, 2 рет қасиетті Меккеге қажылық сапар жасаған. (Бұрын еш жерде айтылмаған, жазылмаған бұл деректерді мен Олег Сайынділдәұлының өз аузынан жазып алғанмын).

О. Жанияров 1965 жылы Өскеменнің музыка училищесін пианист және музыка теоретигі, американың белгілі композиторы Самюэль Барбердің шәкірті Б. Т. Плотниковтың класынан, 1971 жылы Алматының Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясын композитор мамандығы бойынша профессор Еркеғали Рахмадиевтың класынан бітірген. 1971 жылдан өмірінің соңына дейін Семейдің М. Төлебаев атындағы музыка училищесінде музыка теориясының оқытушысы болып қызмет атқарған. 1979 жылдан бастап ұзақ уақыт облыстық Абай атындағы музыкалы-драма театры оркестрінің дирижеры қызметін де қоса атқарған. 1973 жылдан ССРО композиторлар одағының мүшесі болды. 1989 жылдан Қазақстан композиторлар одағы Ертіс өңірі бөлімшесін басқарған. 2012 жылдың 18-ші қыркүйегінде ауыр науқастан Семей қаласында дүниеден озды.

Олег Жанияров музыканың көптеген жанрларында қарымды еңбек еткен композитор. Ол «Орлиная песня (Бүркіт әні)» және «Тот самый Ходжа Насреллин (Сол баяғы Қожанасыр)» атты 2 операның, «Гранатовый сад», «Дагестан», «Дюймовочка» атты 3 балеттің, 1 симфонияның, 3 симфониялық поэманың, 1 увертюраның, 3 концерттің, бірнеше кантата мен  хорға арналған ірі шығармалардың, сонаталардың, «Микельанжело мемориалы», «Менің ойыншықтарым», «Ивашка» атты вокалды топтамалардың, спектакльдерге арналған музыкалардың, әртүрлі аспаптарға арналған пьесалардың және көптеген әндердің авторы.

О. Жанияров Шығыс Қазақстан композиторларының ішінде ең алғашқы болып музыканың ең қиын жанры – операға қалам тартты. Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресі баяндалатын «Орлиная песня (Бүркіт әні)» атты тарихи операсы Қазақстанның Россияға қосылғанының 250 жылдығына арналып 1979 жылы жазылды. Операның либреттосын Семейлік ақын Вячеслав Кобрин белгілі жазушы Әнар Әлімжановтың «Жаушы» романының желісімен жазған. Операның өн бойында жүретін негізгі тақырып ретінде композитор әр қазақтың қанына сіңген «Елім-ай» халық әнін пайдаланған.    Операны белгілі режиссер Қ. Рахметов 1981 жылы Семейдің Ә. Қашаубаев атындағы облыстық филармониясының сахнасында қойған. Опера кезінде музыка мамандары және жалпы тыңдаушы қауым тараптарынан оң бағасын алған. П. И. Чайковский атындағы Москва консерваториясынң профессоры, аспаптау (оркестровка) кафедрасының меңгерушісі Ю. А. Фортунатов аталған операның партитурасымен таныса келе «композитордың оркестрге түсіру ерекшелігі қызығушылық тудырады» деп шәкірттеріне мысал ретінде келтіруінің өзі сол бағаны анық айқындайды.  «Тот самый Ходжа Насреллин (Сол баяғы Қожанасыр)» атты комедиялық операсының либреттосын ақын В. Медведьев белгілі жазушы В. Соловьев повесінің желісі негізінде жазған. Операның негізгі кейіпкері көпшілік шығыс халықтарының сүйіктісі болған Қожанасыр болып табылады. Бұл операда негізгі кейіпкер ақылды, қу, қандай қиын жағдайлардан болмасын тапқырлықпен шығып кететін қарапайым адам ретінде көрсетіледі.

Композитордың 4 бөлімнен тұратын «Абай әндері тақырыптарына жазылған жез үрмелі аспаптарға арналған Квинтеті» Ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойына арналып өткізілген халықаралық конкурста Гран-при жүлдесін жеңіп алған болатын. Бұл шығарма «Абай» журналының 1994 жылғы 2-ші номерінде баспадан жарық көрді. Осы жерде атап өту керек, композитордың өнер додасында алған бұл бірінші жүлдесі емес. Сонау 1979 жылы совет милициясының 70 жылдығына арналып өткізілген композиторлардың ІІ Бүкілодақтық конкурсында О. Жанияровтың эстрадалық оркестрге арналған «Жас милиционер» маршы 2-ші жүлдеге ие болған (1-ші жүлде ешкімге берілмеген).

В. Кобринның либреттосы бойынша жазылған  «Гранатовый сад» балеті «Ромео және Джульетта» сияқты мәңгілік махаббат тақырыбын ашып көрсетеді.

Аспапқа арналған Концерт жанры композитор шығармашылығында кең орын алады. Атап айтқанда, фортепианоға арналған 2 концерті, камералық оркестр мен фаготқа арналған Концерті, үрмелі аспаптар оркестрі мен фортепианоға арналған Концертиносы, аспаптық квартет пен домбыраға арналған Концерті және симфониянық оркестр мен трубаға арналған Концерті. Осылардың ішінде 1986 жылы классикалық пішінде жазылған фортепианоға арналған № 2-ші Концерт ерекше атап өтерлік шығарма болып табылады.

О. Жанияровтың шығармашылық жұмысында вокалды-хор музыкасы негізгі орын алады. Композитордың шығармашылық мұрасының үлкен бөлігі дауысқа, хорға арналған шығармалар екенін ескерсек, композитордың басқа жанрларға қарағанда вокалды музыканы жақсы көріп, оған ерекше ден қойғаны көрінеді. Композитордың вокалды-хор шығармашылығының жанрлық ауқымы барынша кең. Олар – кантаталар, ірілі-ұсақты хор шығармалары, вокалдық топтамалар, әндер және романстар. Барлығын санағанда композитор 100-ге жуық вокалды-хор шығармаларын жазған. Вокалды-хор шығармаларында қазақ, татар халық әндерінің және кеңес үкіметі дәуірі жылдарында шырқалған көпшілік әндердің әуендік желісі айқын сезіледі. Ал, романстарында М. Глинка, А. Даргомыжский, М. Мусоргский сынды ХІХ ғасырдағы орыс композиторларының ықпалы сезіледі. Композитордың ән-романс шығармашылығы да әртүрлі болып ерекшеленеді. Шығармашылық мұрасында лирикалық, эпикалық, соғыс тақырыптарындағы, балаларға арналған және сатиралық ән-романстары көп. Осылардың ішінде Абай өлеңдеріне жазылған ән-романстары да үлкен орын алады. Атап айтқанда, «Не іздейсің көңілім, не іздейсің», «Жүрегім, ойбай, соқпа енді» романстары. Композитордың вокалды лирикасында соғыс тақырыбы белгілі орын алады. Ұлы Отан соғысы аяқталған жылы туғандықтан композиторды бұл тақырып бүкіл шығармашылық жолында үнемі толғандырып, бей-жай қалдырмады. Бұл сөзіме автордың пацифист-ақын В. Кобринның өлеңіне жазылған «Баллада о серебристом тополе», «Баллада о солдате» және «Баллада о неизвестном солдате» атты романстары дәлел бола алады. Республикаға белгілі қайраткер, елтаңба авторы Шота Уәлихановтың өлеңіне жазылған вальс жанрындағы «Күт мені, күт Сәулем» романсы да  соғыс тақырыбындағы лирикалық  ромастар қатарына жатады.

О. Жанияров облыстық Абай атындағы музыкалы-драма театры оркестрінің дирижеры қызметін атқарып жүрген жылдары сахналанған С. Жүнісовтың «Қысылғаннан қыз болдық», М. Әуезовтың «Қаракөз», «Айман-Шолпан», Б. Тоғызбаевтың «Күйеу таңдаған келіншек», М. Қабанбаевтың «Жиханкез Ти-Ти», М. Ибраевтың «Қалқаман-Мамыр», «Шәкәрім», Т. Рымжановтың «Зәйтүн Қарлығаштың ерлігі» спектакльдеріне музыка жазды.

О. Жанияров – өмірлік және кәсіби ұстанымы жоғары, белсенді қайраткер ретінде Семей қаласы, облыс, қала берді, бүкіл республика көлеміндегі мәдени іс-шаралардан әсте тыс қалған адам емес. 1975 жылы Азия елдерінің ІІІ Халықаралық трибунасының жұмысына, 1988 жылы СССР композиторлар одағының делегациясы құрамында  Румыния елінде өткен халықаралық іс-шараларға қатысқан. 1978 және 1988 жылдары Ресейдің Қазан қаласында өткен Татарстан композиторлар одағының IV және VI съездеріне Құрметті қонақ ретінде қатысты. Семей қаласында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Халықаралық татар музыка өнері» фестивалінің қазылар алқасын 12 жыл қатарынан басқарып, төрағалық етті. Қазақстан композиторлар одағы Ертіс өңірі бөлімшесін басқарған жылдары Семей қаласының оқу орындарында, қала және ауыл аймақтарының мәдени-ағарту мекемелерінде жоғары дәрежелерде өткізген дәріс-концерттері мен шығармашылық кездесулері өнер сүйер көпшілік жұрттың күні бүгінге дейін көкейлерінде сақталып келеді. О. Жанияров музыка мектептері мен музыка колледждеріне арналған оқулық құралдар мен хрестоматия шығару істеріне де бір кісідей ат салысқан қайраткер. Ол – Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігі бекітіп, баспадан жарық көрген «Жалпыорта білім берітін мектептердің «Музыка» пәніне арналған Бағдарлама» авторының бірі. Сонымен қоса, композитордың басқа авторлармен бірлесіп жазған педагогикалық колледждердің «Музыка» мамандығының студенттеріне арналған 5 оқулық пен оқу-әдістемелік құралдары, 200-ден астам шығармалар енген «Фортепиано аспабыныа арналған педагогикалық репертуар» хрестоматиясы күні бүгінге дейін оқу барысында қолданыстан түспей келеді. Қазақтың көптеген ән-күйлері енген аталған соңғы жинақта О. Жанияров өңдеген Абайдың 10-нан аса әндері бар.

О. Жанияров әріптес ағасы Т. Базарбаев сияқты шығыс өңірінің өнерпаз сазгерлеріне үнемі қамқорлық көрсетіп жүрді. Музыкалық білімдері жоқ талай сазгерлердің әндерін нотаға түсірді. Семей қаласының ардагер сазгері Арғынбек Ахметжанов ағамыздың  Абайдың өлеңдеріне шығарған 40-тан астам әндерін нотаға түсіріп және сүйемелдеуін (аккомпаниментін) жазып, сол автордың 4 кітаптан тұратын «Рухани жол» атты ғылыми еңбегіне енген Шәкәрім Құдайбердіұлының барлық әндерін фортепиано сүйемелдеуімен жаңаша нотаға түсірген.

Көзі тірісінде халық арасында «өңіріміздің алдыңғы қатардағы  прогрессивті қайраткері» атанған О. Жанияровтың қазақ музыка мәдениетін өркендету жолындағы қажырлы еңбегі қалай дегенмен де үкімет тарапынан біршама деңгейде бағаланды деп айтуға болады. Ол Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен, республикалық, облыстық, қалалық дейгейлердегі мемлекеттік мекемелердің көптеген мақтау  грамоталармен, алғыс хаттарымен марапатталған. Сонымен қоса, ол 2009 жылы Татарстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері атағына ие болды.

О. Жанияров бақытты шаңырақтың отағасы болды. Консерваторияда оқығанда танысып, қосылған өмірлік жары Руфия Бәшірқызы екеуі 40 жылдан астам уақыт бақытты отбасылық өмір сүріп, бала сүйді, ата-әже атанды. Үлкен ұлы Радмир облысымыздың Шемонаиха ауданында тұрып жатыр, екінші ұлы Ринат Алматының фармацевтикалық компаниясында менеджер боп қызмет атқарады. Руфия Бәшірқызы да консерваторияны бітірген  музыкатанушы-ұстаз болатын, өкінішке орай, сүйікті жолдасынан кейін көп ұзамай ол да бақилық болды. Бұл жеңешеміз де консерваторияны бітіріп келгеннен бастап өмірінің соңына дейін Семейдің М. Төлебаев атындағы музыка училищесінде оқытушы болып қызмет атқарған. Ерлі-зайыпты Жанияровтардан тәлім-тәрбие алған жүздеген шәкірттері бүгінгі күні еліміздің түкпір-түкпіріндегі өнер, мәдениет ошақтары мен оқу орындарында жемісті еңбектер атқаруда.

Бар саналы ғұмырын еліміздің шырайлы шығыс өңірінің музыка мәдениетін көтеруге арнаған О. С. Жанияров артына өшпес мұрасы – қайталанбас музыкалық шығармаларын қалдырды. Біздің міндетіміз – композитор шығармаларын халық арасына барынша насихаттау, келешек ұрпаққа үлгі боларлық осындай азаматымызды біз әрдайым еске алып, есімдерін мәңгілікке қалдыру жұмыстарын жүргізу. Болашақта М. Төлебаев атындағы музыка училищесінде арнайы жабдықталған «О. Жанияровтың класы» ашылса, облыстық білім және мәдениет басқармалары бірлесіп Семей қаласында «О. Жанияров атындағы композиторлардың аймақтық конкурсын» өткізсе, таңдамалы шығармаларын жинақтап, баспадан жарыққа шығарса өскелең ұрпаққа саналы үлгі және шапағаты мол аға буынның дарынды өкілдеріне көрсеткен құрметіміздің бір парасы болар еді.

 

Оразғали СЕЙТҚАЗЫ,

Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік

университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек

сіңірген қайраткері, ҚР білім беру ісінің үздігі.

Яндекс.Метрика
Олег Джанияров 2016 © Все права защищены